Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы
Ресми интернет-ресурс
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді

Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды.
Жаңа Ата Заңымыздың күшіне енуі – мемлекет дамуындағы тарихи кезең және Конституция үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындылықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге негізделген жаңа конституциялық үлгіні бекітеді.
Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті.Бұлардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр.
Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді.
Мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.
Ата Заңымыз Конституция үстемдігін мемлекеттің Негізгі Заңы ретінде, оның ең жоғары заңды күшін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылуын бекітеді. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер тек Конституцияның негізінде, сондай ақ оны орындау мақсатында қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.
Бұған дейін сот төрелігі қағидаттарының қатарында бекітіліп келген заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде конституциялық мәртебеге ие болды.
Жаңа Конституция мәтініне сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1159830?lang=kk